Әл-Фарабидің мемекет құрылысына көзқарасы
Әл-Фарабидің толық аты-жөні – Әбу Насыр Мұхаммед ибн Мұхаммед ибн Ұзлағ ибн Тархан әл-Фараби. Туған жері қазақтың ежелгі қаласы Отырарды арабтар Бараба-Фараб деп атап кеткен, осыдан барып ол Әбу Насыр Фараби, яғни Фарабтан шыққан Әбу Насыр атанған. Кейде оны жай ғана «Тархани» деп те атайды. Фараби оқуды өте ерте бастаған. Бастапқы білімді ол туған қаласы Отырарда алады, одан кейін Хорасанға барады. Кейінірек білімін онан сайын толықтыру мақсатында араб мәдениетінің орталығы Бағдатқа кетеді. Зерек Фараби өте білімді адамдардан сабақ алған. Мәселен, медицина мен логиканы христиан оқымыстысы Юханна ибн Хайланнан, ал жаратылыстану ғылымдары мен грек тілін атақты аудармашы Әбу Башар Маттадан үйренеді. Бір нұсқада Фараби осы шәкірт шағында атақты оқымысты Абубәкір ибн Сиржбен жақын араласып, оған логиканы үйретіп, одан астрономияны үйренген деп айтылған. Фараби ғылымды көбінесе өз бетінше меңгеріп, аса зор табандылық көрсеткен, орасан мол табыстарға жеткен. Ол, әсіресе, грек ғылымы мен философиясын, ең әуелі Аристотельдің бай мұрасын игеруді қолға алған. Фараби түркі, араб, парсы, грек және басқа тілдерді жетік білген. Әл-Фараби философия саласы бойынша грек ойшылы Аристотельдің «Категориялар», «Метафизика», «Герменевтика», «Риторика», «Поэтика», бірінші және екінші «Аналитика», «Топикасы» және т.б еңбектеріне түсініктемелер жазды. Сонымен қатар өз тарапынан да көптеген ғылыми туындыларды өмірге әкелген: «Философияны аңсап үйрену үшін алдын ала не білу қажеттілігі жайлы», «Ақылдың мәні туралы», «Музыканың үлкен кітабы», «Ғылымдар энциклопедиясы немесе тізбесі», «Кемеңгерлік меруерті», «Мемлекет қайраткерлерінің нақыл сөздері», «Азаматтық саясат», «Бақытқа жету жолы» және т.б. Міне, осылайша, Фараби жұртқа мәлім оқымысты болып, Шығыстың ұстазы деген дәрежеге көтерілді. Әлемнің екінші Ұстазы атанды. Әл-Фарабидің қоғамдық-философиялық, жаратылыстану туралы ғылыми көзқарастары орта ғасырлардағы Таяу және Орта Шығыс елдеріндегі мәдениет, философиялық және ғылыми ой-пікірлердің даму нәтижесі болып табылады.
Достарыңызбен бөлісу: |