Мен қазақ халқының өкілімін
«Жастары жалын жүректі, өршіл намысты, биік рухты болса, ол елдің еңсесі биік болады».
Н.Ә. Назарбаев
Алтын күмбезді көгімде қыран құсты байрағы желбіреген, айбарлы әнұраны асқақтаған, даңқты Қазақстанымның Жас Ұланы екенімді мақтан тұтамын.
Телегей теңіз жылдарда бодандықты бастан кешіріп, сұм соғыстың тауқыметін тартып, сыңыр саясаттың құрығына түсіп қаншама қиналды десеңізші?! Мінеки, туған елім небір сұрапыл оқиғаларды бастан кешсе де, мойынсұнбай әлем картасыннан ойып тұрып керегесі мықты «Қазақстан» деген мемлекет орын алды.
Қазақ елі қайсарлы да батыл, айбатты да асқақ елдердің бірі. Осындай еңсесі іргелі, тұғыры нық, ырыс пен ынтымағы, береке мен бірлігі жарасқан елдің ұланы екенімді мақтаныш етемін.
Ата-бабамның қажыр қайсарлығынан қуат, өрелі өшпес сөздерінен өнеге, тағылымды тәрбиесінен тәлім, батылдығынан бойымызға жігер жинап, керегесі мықты қазақ елінің ұлтжанды қыраны боламын. Болашақтың іргесін біз секілді туған елімнің Жас Ұландары құратын болсақ, әлемде қазақ елінен мықты ел болмақ емес.
Талай жылғы ұлы дүбір, дүрбелеңнен кейін жарқын болашақтың таңы атып, еркіндік есігін айқара ашты. Еліміздің арыстары талай жылдар тар жол тайғақ кеше жүріп, еліміздің болашағы, келер ұрпақтың бақытты ғұмыры үшін аянбай күресіп, табандылық пен асқан қайсарлық, шыдамдылық пен беріктік танытты. Мұның бәрі ел азаматтарының ұлт үшін жасаған ерен ерлігінің арқасы деп білемін.
Еліміздің көк байрағы желбірегеннен бері ата-баба дәстүрі көш түзеп, халқымыз еңсесін көтеріп, жарқын болашаққа қол созды. Атап айтқанда, бүгінгі күні Қазақстан Республикасы дамыған, көп елдерге танымал ел. Қайсар төзім мен келешекке деген пәк сезімнің арқасында бүгінде біздің төбемізде қыран құс қанатын кеңге жайып, бақытты күннің шұғыласына бөлеуде.
Еліміздің Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанды «Мәңгілік ел» деп атады. Бұл Қазақстанның экономикасы өрлеп, дамыған ел қатарына қосылатындығын дәлелдейді. Тіпті, Қазақстан атауын «Қазақ елі» деп өзгерту керектігі туралы пікірге келуі — еліміздің тәуелсіз, еркін ел екендігінің нышаны.
Қорытындылай келгенде елге деген ыстық сезімімді жетесіне жеткізген, бодандықта бор болған төзімділікті қыл көпірден өткізген, өз елім, өз жерім деп өзек өртеп, өршіл рух сыйлаған, санамызды улаған сансыз «ертегіден» есті жинаған, қасқайып қазақ атын мың қайталап жүрек отын тұтатқан, бойында күш-жігері, кеудесінде қуаты тасыған, егемен еліміздің еңселі байрағын ұшы қиыры жоқ көгімде нық көтеруге ұмтылған, қырандай қарыштаған - Тәуелсіз елдің Жас Ұланымын!
Достарыңызбен бөлісу: |